«Еңбек — ырыстың бұлағы, Еңбек — бақыттың шырағы» — деген қанатты сөз бүгінде, біздің – Дауеновтар ұстаздар династиясының негізгі ұранына айналып отыр.
Дауеновтар ұстаздар династиясы – Шарбақты ауданында 3 ұрпақ педагогика саласында қызмет етіп келе жатқан ұстаздар бірлестігі.
2020 жылға Дауеновтар ұстаздар династиясының жалпы еңбек өтілі 413 жылды құрайды. Жалпы, династияда 18 педагог еңбек етуде.
Династияның құрамында 4 бастауыш сынып пәнінің мұғалімі, 3 тарих пәнінің мұғалімі, 3 биология пәнінің мұғалімі,1 қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі, 2 физика пәнінің мұғалімдері жұмыс жасауда. Династия құрамында мектепте қызмет ететін ұстаздардың қатарынан информатика, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері жоқ. Олар болған жағдайда жеке шағын жинақты мектеп ашуға болар еді.
Династия ұстаздарының орташа жасы – 43 жасты құрайды.
Династияның ең тәжірибелі ұстазының еңбек өтілі 42 жылды құраса, ең жас ұстазы, немере-ұстаз Дауенов Ержан «Алғашқы әскери дайындық пәнінен» 9 жыл ұстаздық етуде.
Дауеновтар ұстаздар династиясының негізін қалаушы — Дауенов Бекен Құсайынұлы. Бекен Құсайын ұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері, 40 жылға жуық педогогика саласында еңбек еткен.
Династиялық құрылымның ерекшеліктерінің бірі – әулет келіндерінің де ұстаздық кәсіптің иелері болуы. Қазіргі кезде Дауеновтар ұстаздар династиясында 8 келін ұстаз болып істеуде. Келіндердің еңбек өтілі – 150 жылды құрайды.
Дауеновтар ұстаздар династиясының мұғалімдері қарапайым мұғалімдермен салыстырғанда өте көп педагогкиалық кеңестерге қатысады. Өйткені, әрбір той, әрбір туыстардың отырысы – педагогикалық кеңеске айналады. Шын мәнінде, мұғалімдер мектептен басқа ештенені айтпайтынына көз жеткіздім. Біз, ұстаздар әулеті, бірінші мектеп туралы, сосын өзіміз туралы сөйлесеміз.
Династия жұмысының стратегиялық мақсаты – Павлодар облысының білім беру жүйесінің дамуына өзіндік үлес қосу, өскелең ұрпақтың тәрбиелеуге ат салысу.
Адам баласы ұрпағымен бақытты. Адал қызмет етіп, шәкірттерінің сүйікті ұстаздарына айналған ұстаздар династиясы орташа есеппен 10 мыңнан астам оқушының тәрбиеленуіне үлес қосқан. Олар қазір әртүрлі мамандықтардың иелері, өз кәсіптерінің шеберлері. Династия жұмысының нәтижесінде тәрбиелеген балалар бүгінде жүздеген отбасылар құрылып, мыңдаған балалардың ата-аналары болып отыр. Бұл – ұстаздық кәсіптің басты жемісі.
Династиямыздың соңғы кездесулері – білім беру саласындағы жаңа реформаларды талқылаудан басталады. Біз, Дауеновтар ұстаздар әулеті – жаңартылған білім беру мазмұнына көшуге, көптілділік элементтерін қолдануға, ауылды жерде роботехниканы бағындыруға дайынбыз!
Қоғамда әртүрлі мамандықтар бойынша династиялар көп деп ойлаймын, алайда олардың ішінде ұстаздар династиясының орны ерекше екенін айтқым келеді. Кез келген династиялар, ең алдымен ұстаздар династиясынан тәрбие алады. Бұл – ақиқат. Сол себептен қазіргі кезде ұстаздарды оқытуға, олардың әлеуметтік статусының жоғарлауына барлық қоғам болып ат салысуымыз қажет.
Біздің династияның 90 пайыз ұстаздары Павлодар мемлекеттік педагогикалық институның түлектері. Осы жағдайды пайдалана отырып, мыңдаған ұстаздардың «Алма матеріне» айналған Павлодар мемлекеттік педагогикалық институның ұжымына алғыс білдіргім келеді.
Қазір Дауеновтар династиясында мектепке дейінгі немесе мектеп жасындағы – 28 немере мен шөбере бар. Болашқта олар да ұлы жол – ұстаздықты таңдап еңбек етеді деген ойдамын. Ұстаздық – бұл мәңгілік кәсіп, Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын орындауға бірден бір әсері бар мамандық. Сондықтан, біз – Дауеновтар ұстаздар династиясы мәңгілік мамандықпен «Мәңгілік Елдің» болуы жұмыс жасауға дайынбыз!
Павлодар облысы, Шарбақты аудандық
білім беру қызметкерлерінің
кәсіподақ ұйымының төрайымы
Айгүл Набиқызы Сыздықова