Екібастұз қаласының Атығай жалпы орта білім беретін мектебі ұжымымен өткен кездесу

2020 жылдың 10 наурыз күні   Павлодар облысы білім басқармасының экономика және стратегиялық даму бөлімінің бас маманы Б. Мырзабекова және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ құқықтық мәселелер бойынша бас маманы  Г. Джаркенова Екібастұз қаласының Атығай жалпы орта білім беретін  мектебінің мұғалімдері тарапынан республикалық білім және ғылым кәсіподақ ұйымына уақытында алынбайтын еңбекақы, үстемақы жайлы  бірнеше рет келіп түскен хаты негізінде мектепте ұжыммен кездесу өткізіп, ҚР «Педагог мәртебесі» туралы заң бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында  Г. Джаркенова  педагог мәртебесі жайлы  және Б. Мырзабекова  мұғалімдер еңбекақысының 25 %-ға артқаны жайлы толық  түсінік беріп өтті. Бірінші мәселе бойынша, Г. Джаркенова  заңның баптары туралы нақты ақпараттар беріп, заңды қабылдаудағы кәсіподақ ұйымының басты міндеттері мен мүдделері жөнінде айтып өтті.

Сонымен қоса мұғалімдердің еңбекақысының есептеу жолын түсіндіру мақсатында қалалық білім бөлімінің бухгалтері А. Жалмаганбетова  оқыту семинарын жүргізді, яғни бір мұғалімнің айлық жалақысын үлгі ретінде ұжымның алдында есептеп берді. Сөйтіп, мұғалімдерді толғандырып жүрген мәселе толық шешімін тапты.

Алайда жұмыс барысында зейнетақы қорына 2019 жылдың қараша айынан бастап ақша аударылмайтыны анықталды. Бұл сұрақ бойынша Екібастұз қаласының білім бөлімінің басшысы Ж.А. Хамзабаева  2020 жылғы 20 наурызға дейін толық жауап беретін болды.

Кездесу соңында Г. Джаркенова мектепте қоғамдық қабылдау жүргізді. Қабылдау барысында мұғалімдер әлі де болса қаржы қызметкерлерінің келіп жеке-жеке қабылдау жүргізгенін қалайтындарын айтты. Үш кіші қызметкердің демалыс уақытында жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігі сауалына Г. Джаркенова «жоқ» — деп жауап беріп, мектеп директорына  Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзбауын ескертті.

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *