Серікбаев Әсет Бахытжанұлы 2017 жылдан бері Павлодар облысы білім беру саласының кәсіптік одағына қарасты Жастар кеңесінің құрамында белсенді жұмыс атқарып келеді. Ол болашаққа сенімі мол, өзіндік ойы мен ұстанымы бар жас маман. Білім беру саласында кәсіподақ тарапынан өткізілетін іс-шаралардың барлығына үлкен жауапкершілікпен қарайды әрі кез келген іске шығармашылық тұрғыдан жақындайды. Жас болғанына қарамастан, барлық жұмыстарда, сайыстар мен мүшайраларда тек алдыңғы қатардан көрінеді. Өзіне жүктелген іске жауапкершілік, ұқыптылықпен қарау – Әсеттің басты қасиеттерінің бірі болып табылады. Ұйымдастырушылық қабілеті де өте жоғары. Ол кеңес жастарының арасында беделді мамандардың бірі. Әсет педагогтік шеберлігін арттыруға да баса назар аударады. Кез келген іс-шарада өзін жақсы қырынан танытып, үнемі оза шабуға тырысады. Міне, осы жолы да Әсет өзгеден оза шауып, дара атанды. «BILIM-ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «Үздік жас маман-2020» республикалық байқауында жүлделі 1 орынды иеленді. Білім және ғылым саласына қосқан айрықша еңбегі үшін «Үздік жас маман-2020» атты төсбелгімен марапатталды және куәлік берілді. Әсетті жүлделі орнымен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта тек биік шыңдардан көруіне тілектеспіз.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының
Павлодар облыстық ұйымы қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі