Павлодар облысы Тереңкөл ауданында аудандық білім беру бөлімінің және білім саласы қызметкерлер кәсіподақ ұйымының басшылығымен ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заң 33 білім беру мекемелерінде кеңінен талқыланды. Ұстаздар қауымына мекеме әкімшілігі мен кәсіподақ төрағалары қабылданған Заңның әр бабы бойынша түсініктеме жүргізіп, сұрақтарға жауап берді.
Талбесік бөбекжайының кәсіподақ төрайымы Гүлнар Кушубаева: «Заңда педагогтердің еңбекақысының педагогикалық шеберлік үшін 30 пайыздан 50 пайызға дейін және осы жылдан бастап 25 пайызға көтерілуі қарастырылған. Сонымен бірге еңбек демалысының 56 күнгі дейін ұзартылуы қуантарлық жағдай»- деп бөлісті өз ойымен.
Қ. Оспанова атындағы №3 жалпы орта мектебінің кәсіподақ төрайымы Г. Оналхан: «Соңғы он бес — жиырма жыл аралығында «мұғалімдік мамандықтың беделі төмендеді», «қазір мұғалімдік беделді мамандықтар қатарында жоқ», «жастар мұғалімдік мамандыққа барғысы келмейді» деген әңгімелер ел арасында жиі айтылып жүрді.
Ел Үкіметі мұғалімдердің әлеуметтік-материалдық мәртебесін көтеруге шынайы көңіл бөліп, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Бұл Егемен еліміздің болашағының өркендеуіне, зор үлес қосуына себебін тигізері сөзсіз» -деді.
Трофимовка орта мектебінің кәсіподақ төрайымы Жұмасанова Гүлбақыт: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу.
Ол үшін ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек. «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – осы бағыттағы игі бастамалардың бірі» деп айтылған, бұны бәріміз қолдаймыз» — деген сөздерімен ойын түйіндеді.
Заңда педагогтердің құқығы мен міндеттері нақты жазылғаны және мұғалімдердің материалдық қамтамасыз етілуі, әлеуметтік кепілдіктері мен ынталандыру шараларының нормалары қарастырылғаны, педагогтермен аталып өтті.
Тереңкөл аудандық білім қызметкерлері
кәсіподақ төрайымы А.Умарова