

















2026 жылғы 10 қарашада Павлодар қаласындағы №39 инновациялық үлгідегі гимназия сыныптары бар жалпы орта білім беру мектебінде кәсіподақ активіне, білім беру ұйымдарының басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына арналған «Бірыңғай ұжымдық шарт: жаңа тәсілдер және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Семинар жұмысына модератор ретінде Павлодар облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлбарам Әуезханқызы Науразбаева қатысты.
Іс-шараға Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының төрағасы Айгүл Мақсатқызы Мұқашева, Павлодар облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Шалабаева, Салалық кәсіподақтың Орталық комитеті аппаратының өкілдері, қалалық және аудандық филиалдардың төрағалары, білім беру ұйымдарының басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде Айгүл Мақсатқызы Мұқашева құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ қозғалысының бірлігін нығайтудың, әлеуметтік әріптестікті дамытудың, сондай-ақ білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын жүйелі түрде қорғаудың маңыздылығын атап өтті.
Семинардың негізгі бөлімі еңбек заңнамасындағы өзекті мәселелер мен ұжымдық-шарттық жұмысты жетілдірудің практикалық тетіктерін талқылауға арналды.
Салалық кәсіподақтың Орталық комитеті аппаратының құқықтық жұмыс, әлеуметтік әріптестік, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Мамашиқызы Қыдырбаева еңбек заңнамасындағы өзекті өзгерістер мен оларды қолдану мәселелері бойынша баяндама жасады.
Салалық кәсіподақтың Орталық комитеті аппаратының бас маманы Айдарбек Жасұланұлы Бектабанов білім беру ұйымдарындағы ұжымдық шарттардың мазмұнын жетілдіру, өзекті мәселелер мен оларды қолдану тәжірибесіне тоқталды.
Павлодар облыстық кәсіподақ ұйымының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Гүлшат Оралқызы Джаркенова Екібастұз қаласы, Май және Шарбақты аудандарындағы бірыңғай ұжымдық шарттарға жүргізілген мониторинг нәтижелерімен бөлісті.
Павлодар қалалық оқу-ағарту қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы филиалының төрағасы Тимур Сейтқажыұлы Нұркешов Павлодар қаласының білім беру қызметкерлері үшін жекелеген құжаттардан бірыңғай кепілдіктер жүйесіне көшу арқылы әлеуметтік әріптестікті қалыптастырудың жаңа тәсілдерін таныстырды.
Семинардың тәжірибелік маңызын арттырған ашық пікір алмасу барысында қатысушылар сарапшыларға сұрақтар қойып, еңбек заңнамасын қолдану бойынша түсіндірмелер алды және ұжымдық-шарттық жұмыстың өзекті мәселелерін талқылады.
Көп жылғы адал еңбегі, кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысқаны, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғауға қосқан үлесі үшін кәсіподақ активінің өкілдері марапатталды. Салтанатты марапаттау рәсімі олардың кәсіподақ жұмысына деген адалдығы мен жауапкершілігіне, бастамашылдығы мен қоғамдық қызметіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Осындай кездесулер әлеуметтік әріптестіктің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға, кәсіподақ активінің құқықтық сауаттылығын арттыруға және сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға мүмкіндік береді.
Ұжымдық шарт – жай ғана құжат емес, ол – еңбек адамының құқықтарын қорғаудың нақты құралы, өзара сенім мен жауапкершіліктің, тиімді әлеуметтік әріптестіктің берік негізі!
