Мықты мектеп — заңдылық пен әділеттіліктен басталады.

2026 жылғы 13 мамырда Павлодар қаласындағы Ж. Тәшенев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің базасында қаланың жалпы білім беру мектептерінің Келісу комиссиялары мүшелеріне арналған еңбек дауларын қарау және еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша оқыту семинары өтті.

Семинар қатысушыларына Павлодар облыстық «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Науразбаева Гүлбарам Әуезханқызы құттықтау сөз сөйлеп, Келісу комиссияларының қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғаудағы және ұжымдағы тұрақты ахуалды сақтаудағы маңызды рөлін атап өтті.

«Келісу комиссиясы: еңбек дауларын қарау тәртібі» тақырыбында қоғамдық бірлестігінің құқықтық мәселелері жөніндегі бас маманы Жаркенова Гүлшат Оралқызы дәріс оқыды.

Оқыту барысында қатысушылар теориялық мәселелерді талқылап қана қоймай, білім беру ұйымдарының күнделікті жұмысында кездесетін нақты тәжірибелік кейстерді де қарастырды. «Сұрақ-жауап» форматы мен өмірлік жағдайларды талдау қатысушыларға қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылдаудың практикалық дағдыларын меңгеруге мүмкіндік берді.

Әсіресе тәртіптік жаза қолдану, еңбек дауларын қарау мерзімдері, комиссия шешімдерінің орындалуы және тараптардың тең өкілдігі қағидатын сақтау бойынша жағдайлық тапсырмалар үлкен қызығушылық тудырды.

Семинар соңында барлық қатысушыларға Келісу комиссиясы мүшелерін оқыту курсынан өткені туралы сертификаттар табысталды.

Аталған семинар мектеп ұжымдарымен жұмыс барысында маңызды мәселелерді тиімді шешуге және еңбек заңнамасын тәжірибеде сауатты қолдануға өз көмегін тигізеді деп сенеміз.

Барлық әріптестерге белсенді қатысқандары, кәсіби диалог пен құқықтық сауаттылықты арттыруға деген қызығушылықтары үшін алғыс білдіреміз!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған