2022 жылдың 25 қараша күні Тереңкөл ауданынының "Қ.Оспанова атындағы №3 орта мектеп" КММ базасында "Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісім комиссиясында еңбек дауын шешу тәртібі" атты семинар өтті. Семинарды «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Джаркенова Гүлшат Оралқызы жүргізді. Семинар жұмысына Тереңкөл ауданының білім беру бөлімінің басшысы Белялова Жайнат Каликайдаровна қатысты. Семинардың бірінші бөлімінде кәсіподақ жұмысын дамытудың негізгі бағыттары талқыланды. Әлеуметтік бірлестік тақырыбында бейнеролик көрсетілді. Осы бейнероликтің мысалында тыңдаушылар көпжақты келісімдер жасау мәселесі, жұмысшылардың жағдайын жақсартатын шарттар туралы көптеген жаңа мәліметтер алды. Ұжымдық шарттарға ерекше назар аударылды, өйткені 2022 жылдың желтоқсанында 2023-2026 жылдарға арналған ұжымдық шарттарды жасау жұмыстары басталады. Ұжымдық шарттарды орындау, Екіжақты комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру мәселелері де қозғалды. Семинар барысында өңіріміздегі ең қызықты және тиімді ұжымдық шарттардың үлгілері талқыланды. Білім беру ұйымдарының басшылары белсенділік танытып, еңбек заңнамасының орындалуы, әлеуметтік кепілдіктер, педагог мәртебесі және т.б көптеген қызықты сұрақтар қойды. Семинардың екінші бөлімінде Келісім комиссияларының жұмысына қатысты мәселелер талқыланды. Келісім комиссиясы ұйымда жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасында туындайтын жеке еңбек дауларын шешу үшін міндетті сотқа дейінгі орган болып табылады. Комиссия барлық туындаған жеке еңбек дауларын қоспағанда, қарауға құқылы. Барлық тыңдаушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, кәсіподақ жұмысы мен Келісім комиссияларының қызметі туралы білімдерін кеңейтті.
Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымының баспасөз қызметі