Келісу комиссиясы - білім беру ұйымындағы жұмыс беруші мен жұмыскердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудың негізгі құралдарының бірі

2022 жылғы 4 қарашада Ақтоғай ауданы Абай атындағы ЖОББМ-де ауданның білім беру мекемелерінің келісу комиссияларының мүшелері үшін "Еңбек даулары, олардың пайда болу себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауын шешу тәртібі" атты семинар өткізілді. Семинарды Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымдастырды. Семинар жұмысына Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Г.О. Джаркенова (семинар модераторы), Ақтоғай ауданының білім бөлімінің басшысы О.А. Кунакова қатысты. Бөлім басшысы Ольга Анатольевна Кунакова семинар қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде ауданның білім беру жүйесінің дамуы туралы айтып, семинардың сәтті өтуіне тілек білдірді. Өз сөзінің бірінші бөлігінде бас маман Джаркенова Гүлшат Оралқызы семинар тыңдаушыларын Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының "Жаңа Қазақстан– Жаңа кәсіподақ" дамыту Тұжырымдамасының негізгі бағыттарымен таныстырды, сондай-ақ Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік әріптестік арқылы ұжымдарда салауатты еңбек жағдайларын, демалыс және шығармашылық атмосферасын құру, ұжымдағы қолайлы моральдық-психологиялық ахуал, тұрақты жұмысты қамтамасыз ету, қызметкерлерді моральдық және материалдық ынталандыру мәселелеріндегі жұмысын жан-жақты атап өтті. Семинардың негізгі бөлігі жұмыскерлер мен жұмыс берушінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудың негізгі құралдарының бірі болып табылатын Келісу комиссияларында жеке еңбек дауларын қарауға арналды. Қазіргі Еңбек кодексінде келісу комиссияларында, содан кейін (қажет болған жағдайда) соттардың жеке еңбек дауларын міндетті түрде алдын ала қарауы көзделген. Осы норманы енгізу жұмыскер мен жұмыс берушіге дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттей отырып, ұйым ішінде қысқа мерзімде жеке еңбек дауын шешуге мүмкіндік беру мақсатын көздеді, оның сақталмауы сотқа жүгінген кезде талап арызды қайтаруға негіз болып табылады. Әлеуметтік әріптестер келісу комиссияларының құрамында еңбек дауларын шешу үшін арнайы білімі бар, сондай-ақ келіссөздер жүргізу дағдыларын меңгерген лайықты және құзыретті қызметкерлердің ұсынылуына мүдделі болуы тиіс, өйткені келісу комиссияларының басты міндеті - соттау емес, келісімге келу. Келісу комиссияларын құру мен қызметінің осы және басқа да мәселелерін Гүлшат Оралқызы өз сөзінде қозғады. Семинардың соңғы кезеңі "Сұрақтар-жауаптар" болды. Семинар тыңдаушыларының облыстық кәсіподақ ұйымының заңгеріне қойған сұрақтары педагогтардың, әсіресе жас мамандардың бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу, педагогтерді аттестаттау, педагогтардың оқу жүктемесі және т.б. мәселелеріне тоқталды. Семинарға қатысушылар атынан іс-шара модераторына Ыдырысов атындағы ЖОМ кәсіподақ ұйымының төрағасы Б. С. Сипанова мазмұнды семинар және қойылған сұрақтарға толық жауап бергені үшін алғыс сөздерін білдірді. Семинар білім беру ұйымдарының келісу комиссияларының мүшелеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту мәселелері бойынша білімдерін кеңейтуге мүмкіндік берді, сондай-ақ жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін келісу комиссиясын құру және оның қызметі мәселесіне жауапкершілікпен қарау қажеттігі туралы ойда бекітті.

 

Ақтоғай аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы

Н. Боранбаева

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған