Кәсіподақ, кәсіби одақтар деп өндірістегі және өндірістен тыс салалардағы қызметкерлерді біріктіретін, өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйымдар; қызметінің сипаты мен кәсіби мүдделерінің ортақтығына қарай ұйымдасқан азаматтардың бұқаралық ерікті қоғамдық бірлестіктерін танимыз.

         Негізінен, кәсіподақ ұйымдары азаматтардың еңбек қатынастарында, жұмыспен қамтылуға, жұмысқа қабылдауға және жұмыстан босатуға, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы мен режиміне, жалақының мөлшеріне, тағы басқабайланысты туындаған мәселелерін шешуде елеулі рөл атқарады.

Егеменді Қазақстан Республикасында кәсіподақтардың құқықтық жағдайы Конституциямен, Еңбек туралы заңдар кодексімен, халықтың жұмыспен қамтылуы туралы, халықтың зейнетақымен қамсыздандырылуы туралы заңдармен, басқа да заңдармен айқындалады. Кәсіподақтар өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасы және халықаралық актілер мен келісімдерде бекітілген өзге де заң нормалары шеңберінде, өздері қабылдаған жарғыларға сәйкес, мемлекет органдар мен саяси, қоғамдық ұйымдардан тәуелсіз жағдайда жүзеге асырады. Олармен өзара қарым-қатынастарын әріптестік пен құрметтеушілік, сұхбаттастық пен ынтымақтастық негізінде құрады. Кәсіподақтардың құқықтарын шектейтін немесе олардың заңда көзделген құқықтарын жүзеге асыруына кедергі жасайтын қандай да болсын араласушылыққа тыйым салынады. Кәсіподақ өз мүшелерінің мемлекет және шаруашылық құрылымдармен, қоғамдық бірлестіктермен, кәсіпкерлермен қарым-қатынасындағы құқықтары мен мүдделерін білдіріп, қажет болған жағдайда бұларды қорғауға жәрдемдеседі.    Ұжымдық шарттар мен тиісті деңгейдегі тарифтік келісімдер жасасады; олардың арасындағы жекелей және ұжымдық еңбек дауларын шешуге көмектеседі. Кәсіподақ пен жұмыс беруші арасындағы даулар бойынша түпкілікті шешімдерді сот шығарады.

Белгілі уақыт аралығы тапсырмаларына сүйеніп, тек өзінің қызметі мен құрылымы бойынша өзгеріп, екі жүз жылдықта кәсіби одақтар қоғам құбылысы ретінде қолданылады. Ең алдымен, олар өзінің ұжымдық құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған жұмыскерлер ұйымы ретінде пайда болды. Және қазіргі күні кәсіптік одақтар қызметкерлер өмірінде үлкен рөл атқарады. Кәсіптік одақтар қызметкерлер құқықтары мен мүдделерін сақтауға ерекше кепілдердің бірі болып табылады.Түрлі деңгейдегі кәсіптік одақтар еңбек және әлеуметтік қатынастармен байланысты, түрлі салалардағы олардың ұсынуы мен қорғауын қамтамасыз етеді және қызметкерлер мүдделерін қалыптастырады және тұжырымдайды.

Жоғарыдағын бәрін қорытындылап, кәсіптік одақ — қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін жарғылық тапсырмаларға сүйене отырып ұсынатын және қорғайтын қоғамдық бірлестік деген тұжырымдамаға келеміз.

Біздің «ToU» КЕАҚ-ында алғаш рет республикалық деңгейде Білім және ғылым қызметкерлерінің Республикалық салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мақсатқызы Мұқашеваның қатысуымен әкімшілік атынан ректор Бегентаев Мейрам Мұхаметрахымұлы және кәсіподақ ұйымының төрағасы атынан әлеуметтік — экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу бойынша 2019-2022 жылдарға арналған жаңартылған ұжымдық шартқа қол қойылды, онда келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оларға төмендегілерді жатқыздық:

  1. 12 жасқа дейінгі 4 және одан да көп балалары бар әйелдерге, сондай-ақ асырауында 18 жасқа дейінгі мүгедек балалары бар әйелдерге ұзақтығы күнтізбелік 3 күнге қосымша ақылы демалыс қосылды;
  2. Дене сапасын жақсарту мақсатында университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріне спорттық-сауықтыру секцияларында жалақысын сақтай отырып, жұмыс аптасы ішінде спортпен айналысу, оның ішінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының нормативтік тестілерін сәтті тапсыру үшін аптасына үш рет күніне 1 сағаттан университеттің «Сұңқар» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне тегін бару құқығы берілді;
  3. ЖОО қызметкерлерінің мереке және демалыс күндеріндегі еңбегіне ақы төлеу еңбек немесе ұжымдық шарттарға, жұмыс берушінің актісіне сәйкес қосымша ақылар мен үстемеақыларды ескере отырып, лауазымдық айлықақысынан бір жарым еседен кем емес мөлшерде жүргізілді;
  4. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына, қызметкерлеріне жұмыс уақытында волонтерлік акцияларға қатысу кезеңінде аптасына 4 сағаттан артық емес, жылына 2 реттен артық емес, жеке жоспарлары мен лауазымдық нұсқаулықтарына сәйкес жалақысын сақтай отырып, волонтерлік қызметпен айналысуға құқық берілді.

Осы толықтырулардың барлығы университет қызметкерлерінің ұжымында талқыланды, сондай-ақ Фейсбук және Инстаграмм әлеуметтік желілерінде орналастырылып, солар арқылы көптеген ұстанымдар талқыланды.

Университет кәсіподағымен Университет ішіндегі бастапқы ұйымдармен жұмыс ретке келтірілді, барлық факультеттер мен бөлімшелерден кәсіподақ мүшелерінің өкілдігімен кәсіподақ комитетінің активі кеңейтілді. Әлемдегі пандемияға байланысты жыл көлеміндегі жұмыс мәселелері мен өзекті сұрақтарды Онлайн жиналыс арқылы ZOOMда өткізіп, онда алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарларын және қызметкерлер кәсіподағының алдағы жұмыс мазмұнын алқалы түрде талқылаймыз. Кеңестерде қабылданатын шешімдер одан әрі университеттің факультеттері мен бөлімшелерінің бастапқы ұяшықтарында талқыланып, қабылданады.

Кәсіподақ комитетінің үйлесімді жұмысының арқасында кәсіподақ мүшелерінің мүдделері экономикалық тұрғыдан қорғалды. Мысалы, кәсіподақ комитетінің өтініші бойынша қызметкерлердің біріне ғылыми қызмет желісі бойынша жалақыға 84000 теңге үстемақы есептелді.

Кәсіподақ комитеті кәсіподақ мүшелігін ынталандыруға ықпал ететін бірқатар бағдарламаларды белсенді жүзеге асырады. Кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік қолдау түрлері кеңейтілді:

— санаторлық-курорттық емдеуді дамыту;

— сауықтыру демалысын ұйымдастыру;

— кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелері арасында мәдени -бұқаралық және спорттық іс-шаралар өткізу;

— емдеуге, сауықтыруға материалдық көмек көрсету;

— емдеу-сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру;

— кәсіподақ мүшелеріне атаулы көмек көрсету /өмірлік қиын жағдайда жүрген жұмыс істемейтін зейнеткерлерге/.

Кәсіподақтың ректоратқа жүгінуі бойынша жекелеген қызметкерлер — кәсіподақ мүшелерінің еңбек жағдайларын жақсарту бойынша шаралар қабылданды.

Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен экономикалық мүдделерін қорғау жөніндегі кәсіподақ комитеті қызметінің тиімділігін арттыру бойынша қабылданған шаралар кәсіподақ мүшелігінің уәждемесін арттыруға әсер етті. Қазіргі уақытта кәсіподақ мүшелерінің саны 820 адамға дейін өсті, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Кәсіподаққа Уахитов Ж.Ж.  төрағалық алғаннан кейін көптеген өзгерістер, жағымды істер, оңтайлы шешімдер іс жүзіне асты. Мәселен, біздің ұйымда кәсіподақтың 307 мүшесі болған. Белсенді түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, университет ұжымын кәсіподақ қызметі туралы хабардар етудің арқасында университет қызметкерлерінің кәсіподақ комитетіне деген сенімі арттырылды деуге тұрарлық. Бүгін біз университеттің барлық қызметкерлерін кәсіподаққа тартуды  міндет  ретінде көздеп отырмыз (1075 адам).

Кәсіподақ мүшелері санының артуына байланысты кәсіподақ комитетінің материалдық және басқа да қолдау түрлерін көрсетудегі мүмкіндіктерін жақсартуға ықпал ететін кәсіптік жарналар сомасы да өсті. Осылайша 2021 жылы кәсіподақ мүшесіне қиын өмірлік жағдайларда 1836000 мың теңге сомасында материалдық қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, кәсіподақ COVID 19 және пневмониямен ауырғандарға, түрлі ауруларға шалдыққан, мүгедек балалары бар адамдарға материалдық көмек көрсетті. Кәсіподақ мүшелерінің 1 сыныпқа барған балаларына кеңсе заттарын сатып алу үшін материалдық көмек көрсетті.

Қызметкерлер кәсіподағы университет студенттерінің кәсіподағымен тығыз қарым-қатынас жасайды, олардың барлық бастамаларына қолдау көрсетеді.

Әлеуметтік серіктестік деңгейінде: Университет ректораты мен қызметкерлер мен студенттердің кәсіподақтары «Toraighyrov University» КЕАҚ студенттері, ПОҚ мен қызметкерлерінің денсаулығын арттыруды қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік маңызы бар бағдарламаны бірлесіп жүзеге асырады. Бұл бағдарлама ҚР-да алғаш рет іске асырылуда және оның басты мақсаты — студенттер, ПОҚ және қызметкерлер арасында аурулардың алдын алу, алдын алу және емдеу болып табылады. Осы мақсатта «ToU» КЕАҚ аумағында дәрігерлік амбулатория ашылды. Бұл университеттің барлық студенттеріне, ПОҚ пен қызметкерлерге қадамдық қолжетімділікте алғашқы медициналық көмекті еш қиындықсыз алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, студенттер мен ПОҚ-ның денсаулық жағдайын қадағалау және аурулардың алдын алу бойынша электрондық бағдарлама әзірленуде.

Аталған дәрігерлік амбулатория «ToU» қызметкерлері мен студенттеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде амбулаторлық деңгейде көмек көрсетеді.

Бекітілген студенттер, ПОҚ және қызметкерлер үшін диагностикалық көмек жүргізіледі, оған алдын алу қарап-тексеру, ПОҚ және қызметкерлердің балаларын мамандандырылған қарап-тексеру, зертханалық қызметтер (ПЦ, ИФА және т.б.) диагностикалық қызметтер (КТ, МРТ), амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарды алмастыратын көмек кіреді.

Медициналық орталықта барлық ниет білдірушілер, оның ішінде студенттер, ПОҚ және «ToU» университетінің қызметкерлері қысқа мерзімде және оларға ыңғайлы уақытта дәрігерлердің қажетті кеңестерін ала алады. Жұмысқа рұқсатты рәсімдеу, емшара кабинеті, скринингтік тексерулер сияқты қызметтер де ұсынылады.

Кәсіподақ комитетінің қабылдап жатқан шешімдері мен оларға байланысты атқарылатын қызмет түрлері кәсіподақ жұмысына деген сенімді арттыруға, кәсіподақ мүшелерінің табысты жұмыс істеуіне жағдай жасауға және олардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететініне сеніміміз кәміл. Солай болғай.

 

География ғылымдарының кандидаты

Әлкеев Мирас Армиянович

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *